Түлкібас топырағы қай кезеңде де талантты жандарға кенде болмаған. От тілді, орақ ауызды Келімбет, Белгібай ақындардың қазақ әдебиетінде алар орыны ерекше. Белгібай ақын талай республикалық айтыстарда топ жарса, Келімбеттің кезінде атақты Орынбаймен, Қазақбайдың
Көпбаймен, Тастанның Надеждамен айтысқанын біреулер білсе, біреулер біле де бермес. Міне, осы дарабоздардың орынды жалғасы – ақын, жазушылар Мәди Меркішұлы, Тұрар Байсариев,
Пернебек Әлтеев, Балабек Дәулеталиев, Тастан Жолдасов, Қазақбай Шоқаманов, Аспандияр Келімбетов, Тұтқабай Иманбекұлы, Мархабат Байғұт, Сәбит Дүйсенбиев, Алпысбай Боранбайұлы, әдеби етші-ғалымдар Мекемтас Мырзахметұлы, Әбдісаттар Дербісәлиев, Молдияр Серікбаев және өнердің өрелі тұлғалары Фатима Балғаева, Алпыс Жадыраев тағы басқалар бар.
Осындай Түлкібастан шыққан азаматтардың есімдерін кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында есімдері мекеме, көшелерге берілсе, шығармалары мен еңбектері жинақталып жинақ ретінде шығарылып, кітапханалар мен мектептерге таратылса деген ұсыныс көптен бері айтылып келеді. Бірқатар азаматтардың есімдері көшелерге беріліп, едәуір жұмыстар атқарылды да. Әлі де аудан көлемінде атқарылатын жұмыстар баршылық..
Кезінде кейбір ауқатты азаматтар елге еңбегі сіңбеген ата-бабаларының атын мешітке, ауылға, көшеге беріп, дүрбелең туғызды. Осындай уақытта қарымды қаламгер ағамыз М.Байғұттың «Атамның атын — ауылға, көкемнің атын–көшеге» деп белең алған үрдіске тоқтам салып, үлкен көлемді мақала жазғаны бәріміздің есімізде. Осындай дабылдан кейін ел үкіметі шұғыл шешім қабылдап, тоқтау салды. Республикалық, облыстық және аудандық деңгейде құрылған ономастика комиссиясы көше мен елді мекендерге берілетін атаулардың тәртібін өзгертіп, жаңа қағида қабылдап, республикалық «Тарихи тұлғалар» тізімі жасақталды. Екі немесе үш жылда өзгеріп тұратын Тарихи тұлғалар тізіміне жоғарыда аталған азаматтардың есімдерін енгізуге ұсыныс жасап, оның ішінде бүкіл қазаққа аты мәлім, өмірден өткен қос тұлға Мекемтас Мырзахметұлы мен Мархабат Байғұтты да ұлықтап, оларға орынды құрмет көрсетілсе дейміз.
М.ҚАЛТАЕВ,
бас редактор.